АИТВ-мен өмір сүргеніме өзі он жылға жуықтады. Бұл туралы алғаш білген кезімде қатты күйзеліс немесе қысылу болған жоқ. Кейін түсіне бастағанда да, өзімді езілген сезінбедім — өйткені бұл жай-күй өмірімді тоқтатып тастаған жоқ.
Күн сайын дәрі ішу — мәселе емес. Өйткені қазір сау адамдар да күн сайын витамин ішеді. Біз ішетін дәрілер организмімізді қолдайды, иммунитетімізді нығайтады. Сондықтан мен мұны ешқашан "жүк" деп қабылдаған жоқпын.
Мені мазалаған жалғыз нәрсе — жақындарымның уайымы болды. Бірақ уақыт өте келе түсіндім: біз өзімізді кінәлі сезінбеуіміз керек. Біз бұл жолды өзіміз таңдаған жоқпыз. Бұл жай-күй жаза ретінде берілмеген.
Өмірім бойы мәртебесі ұқсас өте жақсы адамдармен кездестім, шын жүректен достар таптым, мейірімді дәрігерлермен таныстым. Біз тегін емделу мүмкіндігіне ие болдық — бұл үлкен нығмет.
Коронавирус кезінде көпшілік ауырды, бірақ мен ауырған жоқпын. Бұл да дәрілеріміздің, иммунитетіміздің нәтижесі еді.
Жақсылап қарасаңыз, минустардан гөрі плюстер көп. Өмірге оптимизммен қарау керек. Шүкір етіп өмір сүрейік.